Мемлекет қаржысын алаяқтық жолмен иемденген ақтөбелік депутат сотталды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Бақытжан Ержанов шартты түрде сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Бақытжан Ержанов Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық», «Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» баптары бойынша айыпталған болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, депутат өз әйелінің атындағы шаруа қожалығынан асыл тұқымды малды сатып алып, мемлекеттен субсидия рәсімдеген. Сонымен қатар, қоластындағы жұмысшыны ұрып, прокурорға бейәдеп сөздер айтқан.  

Іс материалына сүйенсек, Бақытжан Ержанов Хромтау аудандық прокуратурасының прокуроры Ж. Еспановқа «Жәнібек саған ескертемін, маған жамандық істесең жамандық істеу менің қолымнан да келеді. Маған әлің келмейді» деп өміріне нақты қауіп-қатер төндірген. Бірнеше айға созылған тергеу жұмыстарынан соң іс сотқа жетіп, үкім шықты.

 

«Бақытжан Ержанов Қымыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы, 380-бабы 1-бөлігі, 106-бабы, 1-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, 3 жыл мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан, 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, тағайындалған жазаны шартты деп есептеп, барлық сынақ мерзіміне пробациялық қадағалау тағайындалсын. Үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау қолхатына өзгертіп, сот залынан дереу босатылсын», - деді Хромтау аудандық сотының судьясы А.Балмұханов.

Сотымен қатар, Бақытжан Ержанов 281 мың теңге сот шығынын өтеуі тиіс. Әрі барлық жәбірленушілердің кешірімін алып, мемлекеттік залал толық өтелді. Іс материалында, Бақытжан Ержановтың Қылмыстсық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша жалған құжаттар тапсырып, мемлекеттің 142 374 598 теңгесін жымқырғаны айтылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.