***
Қыркүйектің 22-сі күні Нью-Йоркта БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясының бір саммиті жаһандық климаттың өзгерісіне арналған болатын. Бұл саммитке ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев бастаған Қазақстан делегациясы да қатысқан еді. Осы саммитте ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов арнайы баяндама жасады. Жұма күні жарық көрген «Егемен Қазақстан» газеті аталған жайтқа арналған «Бүгін болмаса, ертең кеш» атты көлемді мақала берді. «Арал апатын айтпағанда, Алатау мұздықтары соңғы елу жылда өз аумағының жартысына жуығын жоғалтқан. Қуаңшылық 2 миллион гектар жерді қамтып отыр. Министр осы түйткілді жайларды айта келе, Қазақстан 2001 жылы Марракеште БҰҰ-ның климат өзгеруі жөніндегі Шеңберлік Конвенциясын жүзеге асыратын Киото хаттамасына қосылғанын мәлім етті», деп жазады басылым.
«Талғампаз тарих пен халық жүрегінен өзінің емес, халқының тағдыр-талайын ойлайтындар ғана орын алады. Сондықтан да, «Батыр туса - ел ырысы» деп тегін айтылмаған. Шаһардың шығысында ары-бері өткеннің рухын көтеретін айбынды ескерткіш ашылып, жетісулықтардың көптен көкейінде жүрген жақсы бастама түйінделді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Аталған жайттың анық-қанығын осы басылымның жұмалық нөміріндегі «Даңқты дарабоз дидары Жетісу жерінде асқақтады» атты мақаладан таныса аласыздар.
«Егемен Қазақастан» газетінің «Үкімет» апталық қосымшасында «Кәсіпкерлікке - қолайлы ахуал», «Сапа мен талғам кәсіпорын беделін айқындайды», «Қамқорлық қолы созылумен келеді», «Жол картасының» жалауы», «Бастаманың байыпты жалғасы» деген тақырыптармен топтама мақалалар берілген.
Осы басылымның тапсырысы бойынша филология ғылымының докторы Шәкір Ыбырай Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» атты еңбегіне пікір берген. «Егемен Қазақстан» газеті осыдан екі ай бұрын дайын болған мақаланы Ақселеу Сейдімбектің көзі тірісінде шығарып үлгермегендеріне өкіне отырып, «Өкініш дегенде біз кезінде өзі талай жыл бойы әдебиет және өнер бөлімін басқарған газет бетінде іргелі еңбегіне берілген бағаны Ақаңның көзі тірісінде жарияланбағанын ғана айтамыз. Көңілге бір жұбаныш - сәл кешігіп басылғалы тұрған бұл мақаланың енді-енді қолға алынатын ақселеутанудың алғашқы жарияланымы ретінде қадірі арта түсетіндігі», дейді. Ғалым пікірін басылымның жұма күнгі санынан толық оқи аласыздар.
***
«Қазақстан әлемдік сахнада маңызды рөлге ие болып, басты ойыншылардың қатарынан орын ала алады. Ол үшін қазіргі жағдайды өз орайына пайдалану қажет. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен IV Еуразиялық энергетикалық форумда осындай түйін жасалды», деп жазады «Айқын» газеті. Аталған жайтқа қатысты «Қазақстан жаһандық қатерлерді еңсеруде маңызды рөл атқарады» деген тақырыппен берілген мақаланы басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.
«Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Ақ сөйле!» айдарының қонағы - техника ғылымдарының докторы, А.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты президентінің орынбасары Өмірзақ Жүсіпбеков. «Қазақстан инновациясына химияның берері көп екенін мойындамай жүрміз» деген тақырыппен берілген екеуара әңгімеде отандық химия саласының өзекті мәселелері қозғалған.
Осы басылымда «Байқоңыр осы кімнің жері?» атты шағын мақала жарық көрді. Мақала шағын, бірақ түсінген адамға жеткізер ойы терең.
***
«Өткен жылы Алматы өңірінде алажаздай «көмір бағасы күзде 15 мың теңгеге дейін көтеріледі екен» деген әңгіме жүрді. Мұны естіп алған біздің көшенің тұрғындары (әрине, қазақтар емес) маусым айынан бастап, көмір түсіре бастады. Абырой болғанда, баға 15 мың теңгеге жеткен жоқ. Алматыдан 50-60 шақырым жерде жатқан Ақши, Балтабай ауылдарында тіпті қарашаның қара суығында баға 12 мың теңгеден аспады», деп жазады «Жас қазақ» газеті. Басылым тілшісінің қара көмір бағасына жасаған шолуын «Қара тастың қызуы» атты мақаладан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.
Жуырда Парламент Мәжілісі депутаттарының назарына «Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы» заң жобасы ұсынылды. Осы жиында республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев оқыс мәлімдеме жасап, жергілікті бюджеттерге бөлініп жатқан қыруар қаражаттың рәсуа боп жатқанына қынжылды. Қазынаның қаржысын қадағалау функциясын да өзінің құзыретіндегі мекемеге беруді ұсынған болатын. «Жас қазақ» газеті Омархан Өксікбаев мырзадан оқыс мәлімдемесіне қатысты ойын білуге тырысқан. Сұхбат «Мемлекет қаржысының рәсуа болатын жері көп» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «Гуантанамо синдромы немесе тағдыр тақтасына жазылған ғұмыр» атты мақала бар. Онда АҚШ Гуантанамо түрмесінде қамауда болған қазақ азаматының басынан кешкендері, қалай түрмеге түскендігі, сонымен қатар оның қазіргі тыныс-тіршілігі жазылған.
***
«ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметов Беларус Республикасында сапармен болды», деп жазады «Казахстанская правда».
Басылымның жазуынша, Қазақстан делегациясы аталған елдің бірқатар әскери кәсіпорындарында, әуе қозғалысын басқару аймақтық орталығында, авиация жөндеу зауытында, «Агат» мемлекеттік ғылыми-өндірістік кәсіпорынында болған. Сапардың қорытынды күні С.Ахметов Беларус Премьер-Министрі Сергей Сидорскиймен кездескен. Тараптар екі елдің қорғаныс кәсіпорындары арасында әскери-техникалық ынтмақтастықты кеңейтуге уағдаласқан.
«Бүгін Астанада Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясының 5-ші Бас ассамблеясы басталады», деп жазады «Литер» газеті. Аталған жиынға Азия елдерінің 220 партиясының 50 партиялық өкілі қатысады.
«Қазақстан ғарыш саласы үшін өз мамандарын дайындауды жоспарлауда», деп жазады «Известия Казахстан» газеті.
Қазғарыш баспасөз қызметіне сілтеме жасаған басылымның жазуынша, келесі аптада Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті базасында академик С.Королев атындағы Самар мемлекеттік аэроғарыш университетінің филиалын ашу мәселесі талқыға салынады. Оның түлектері «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы қазақстандық мамандар штатын толықтыратын болады.