Мемлекет мүдделеріне алаяқтардың келтіріп жатқан залалы айтарлықтай - Қаржы полициясы

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекет мүдделеріне алаяқтардың келтіріп жатқан залалы айтарлықтай. Осындай фактілердің көпшілігі мемлекеттік сатып алу саласында тіркеліп отыр.

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Астана қаласында әрбіреуі 5 жыл бас бостандығынан айыруға Омаров пен Исмаилов сотталды. Олар Өзбекстан Республикасының жалған төлқұжаттарына кәсіпорын тіркеп, Оңтүстік Қазақстан облысының Өрт сөндіру және құтқару жұмыстары қызметін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша тендерді ұтып алған. Нәтижесінде сотталғандар өздеріне алған міндеттемелерді орындамай, мемлекетке 20,7 млн. теңге залал келтірген», деді брифингте М. Жұманбай.

Ресми өкіл Шығыс Қазақстан облысында «Эдакс» ЖШС директорының ісі сотқа тапсырылғанын атап өтті. Оған мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша комиссия мүшелерін өзінде медициналық қалдықтарды жою құралы бар деп алдау арқылы мемлекеттің 40 млн. теңгесін ұрлады деген айып тағылған.