Бүгін Астанада «Конфессияаралық келісімді қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының ролі» атты семинар барысында Парламент Сенатының Ақпараттық-сараптау бөлімінің Бас консультанты Гүлдәрия Жанәбілова осындай пікір білдірді.
Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастарды реттеудегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі жөнінде сөз қозғағанда, ескерілуі тиіс бірнеше мәселе бар. «Біріншіден, мемлекет пен дін арасындағы қатынастарға қатысты мәселелер екі жақтың да мүддесін қанағаттандырарлықтай жағдайда шешілмеген. Екіншіден, жаңа ғасырда кейбір күштер дінді пайдалана отырып, қоғамның билік құрылымдарына енгілері келеді. Сондықтан дін мен мемлекет арасындағы немесе дінаралық келісім турасында сөз қозғалғанда неғұрлым салмақты да сақ болған жөн», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, көпдінді ел болып есептелетін Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын ролі зор. Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекет пен дін арасындағы қатынастарға игі ықпалының көрінісі ретінде дінаралық съездер мен форумдарда көтерілген міндеттерді насихаттау болып табылады. «Соған қарамастан ақпарат құралдарында дін мәселесіне қатысты жарияланған кез келген материалды сараптап отырған жөн. Себебі біз тек осы жол арқылы ғана дінге қатысты ақпарат ағынын дұрыс арнаға бұра аламыз. Бұны айтып отырғандағы себеп, мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастар әрқашанда жақсы бола бермеген. Адамзат дамуында кез келген діннің немесе сол дін өкілінің билікке таласып отырғандығын біз тарих арқылы білеміз. Осы әрекеттердің барлығы ақыр соңында мемлекет пен діннің бөлінуіне әкеліп соқты. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет пен діннің арасындағы қарым-қатынастарға ықпал ете алатын бірден-бір күш. Ендеше мемлекет пен діннің арасындағы қатынастардың қалай өрбитіндігі - ақпарат құралдарындарындағы дінге қатысты материалдардың қалай жариялайтындығында», - деді Г.Жанәбілова.