Семейде «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі өтті

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Президент Телерадиокешенінің ауқымды ағартушылық жобасы бірегей деректі фильмдердің көрсетілімін елдің шығысында жалғастырды. «Хроникадан болашаққа» кинолекторийі — бүгінгі көрерменді қарапайым қазақстандықтардың тағдыры, олардың кәсіби жолы мен өмірлік таңдаулары туралы терең ой қозғауға шақыратын тағылымды жоба.

Фото: Абай облысы әкімдігі

Семей қаласында Президент Телерадиокешенінің Деректі кино орталығының шығармашылық тобымен өткен кездесу үлкен экрандағы «жанды» көрсетілімдердің деректі фильм авторлары мен көрермен арасында ерекше сенім мен ашық диалог атмосферасын қалыптастыратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды жоба ұлттық тарихтағы маңызды оқиғалармен, қоғамдағы өзекті мәселелермен және еліміздің даму жолын айшықтайтын адам тағдырларымен таныстырады. Бұл фильмдер өз дәуірінің шежіресіне айналып, өткен мен бүгінді терең пайымдауға мүмкіндік беретін маңызды құрал қызметін атқарады.

— Мұндай жобалар жұртшылыққа елімізде болып жатқан оң өзгерістерді өз көзімен көріп, мемлекетпен жанды байланысты тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Олар патриоттық сананы қалыптастырып, игі өзгерістердің қазақстандықтардың өмірі мен тағдырынан көрініс табатынын айқын көрсетеді. Бұл жетістіктер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан», «Адал азамат» және басқа да маңызды мемлекеттік бағдарламалардың арқасында мүмкін болып отыр. Аталған бастамалар адал еңбек, экологиялық жауапкершілік және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын орнықтыруға бағытталған, — дейді Абай облысының ардагерлер кеңесінің мүшесі Асхат Дюсембаев.

Фото: Абай облысы әкімдігі

Кинолекторийдің алғашқы күні семейлік көрермен назарына «ARAL» және «Серт» деректі фильмдері ұсынылды. Бұл туындылар халықтың ерекше ықыласына бөленіп, олар алған әсерлерімен бөлісіп, мазмұнды әрі шынайы әңгіме өрбітті.

— «ARAL» деректі фильмі экологиялық апаттың зардаптарын құрғақ деректермен емес, бір адамның тағдыры арқылы баяндайды. Фильмде үміт бар: Арал біртіндеп қайта қалпына келіп, өмір сүру мен еңбек етуге жаңа мүмкіндіктер пайда болып келеді. Бұл үміт Мемлекет басшысының экожүйені қалпына келтіру және өңірді дамытуға бағытталған қолдауымен тығыз байланысты. Сондықтан фильм өткен қасіретті еске салудан гөрі, Аралдың болашағы бар екенін дәлелдейтін туынды ретінде қабылданады. Фильм маған ерекше әсер қалдырды, — дейді семейлік тұрғын Назгүл Адамбекова.

Оның пікірінше, мұндай кинолекторийлер қоғаммен бірге өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп, көрерменнің осындай тақырыптарға қызығушылығын арттырады. Бұл — деректі киноның басты құндылығы.

Фото: Абай облысы әкімдігі

Көрермендердің адамгершілікке және мемлекеттің қолдауына деген сенімін нығайтқан тағы бір туынды — «Серт» деректі фильмі болды. Фильмде 2024 жылғы су тасқыны, мыңдаған тұрғынның басына түскен ауыр сынақтар және сол қиын кезеңде қазақстандықтардың ұйымшылдық, өзара қолдау мен бір-біріне көмектесуге дайын болу секілді асыл қасиеттері жан-жақты көрсетіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерде қалпына келтіру жұмыстарын шұғыл бастау жөніндегі тапсырмасы ел үшін маңызды тірекке айналды. Қажетті көмек дер кезінде көрсетілді.

— Сол күндер еріксіз есіме түсті. Еліміздің батысы мен солтүстігіндегі ағайындардың басына түскен қиындықты естігенде, біз де шет қалмадық. Облыс атынан гуманитарлық көмек жіберіліп, барша жұрт ортақ мақсат жолында жұмылды. Фильм халықтың бірлігі мен қиын сәттегі өзара қолдауын өте әсерлі көрсеткен. Бұл оқиғалар мемлекет пен қоғам бірлесе әрекет еткенде кез келген қиындықты еңсеруге болатынын дәлелдеді, — дейді Семей қаласының тұрғыны Амантай Бектұров.

Фото: Абай облысы әкімдігі

Тарихы терең, мәдени мұрасы мол Семей өңірінің тұрғындары «Travel Kazakhstan» деректі фильмін де жылы қабылдады. Рухани және тарихи-танымдық туризмнің маңызды орталығы саналатын Абай облысы ұлттық құндылықтарымен ерекшеленеді. Мұнда қазақ әдебиеті мен руханиятының ірі тұлғаларының мұрасын танытатын тарихи-мәдени нысандар орын тепкен.

Көрермендердің айтуынша, мұндай деректі фильмдер өңірдің туристік әлеуетін кеңінен танытып, жаңа туристік бағыттарды насихаттауға ықпал етеді. Мемлекет туризмді экономиканың және мәдени саясаттың стратегиялық бағыты ретінде қарастырып, оны дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының бұл салаға ерекше назар аударуы Қазақстанның бай тарихи мұрасы мен табиғи көрікті жерлерінің ел азаматтары мен шетелдік қонақтар үшін қолжетімді әрі тартымды болуына мүмкіндік жасап отыр.

Көрерменге ұсынылған тағы бір туынды — «Апорт» деректі фильмі. Белгілі алма сортының тарихы арқылы фильм ұлттық құндылықтарды сақтау мен қорғаудың маңызын көрсетеді. Туынды Қазақстанның символына айналған апорт алмасының қайталанбас дәмі мен хош иісін дәріптеп қана қоймай, оның генетикалық қорын сақтап, көшет қорын қорғауға атсалысып жүрген ғалымдардың еңбегін де баяндайды. Бұл — туған жердің байлығына деген құрмет пен оны келер ұрпаққа аманат ету туралы тағылымды фильм.

Фото: Абай облысы әкімдігі

— «Апорт» туралы көп нәрсені білмейтінімізді осы фильмді көргенде түсіндім. Күнделікті өмірде бұл алманы жай ғана жеміс деп қабылдаймыз. Алайда апорттың ерекше дәмі мен иісі, белгілі бір табиғи ортаға ғана бейімделетіні таңғалдырды. Осындай ұлттық брендке айналған дүниелерді насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызы зор деп ойлаймын, — дейді көрермен Нұрболат Омаров.

Республикалық кинолекторий бұған дейін Астана, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал және Ақтөбе қалаларында өткен.

Алдағы күндері жоба Павлодар мен Петропавл қалаларында жалғасады. Кейін шығармашылық топ Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларына жол тартады. Жоба 25 қыркүйекте Алматы қаласында қорытындыланады.

Фото: Абай облысы әкімдігі

Кинолекторий көрсетілімдері Президент Телерадиокешенінің ұйымдастыруымен, өңір әкімдіктерінің қолдауымен өтіп жатыр. Көрсетілімдерге кіру тегін.