Мемлекет СҚО жолдарының құрылысына 10 млрд теңге бөлді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Биыл Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті маңызы бар 505 шақырым автожол жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде облыстық мәслихат депутаттарының алдында өңірдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берген облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлім етті. Өңір басшысы дәл осы мақсатта 14 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді. Аталмыш соманың көлемі жыл сайын арта беретін болады.

«Жол болса, экономика да, бизнес те дамиды. Биыл республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінді. Келесі жылы қаржыландыру бірден 40 пайызға артады. Бұл - тек жергілікті жолдарға бөлінетін қаражат. Осылайша, 2021 жылға қарай жолдардың 73% жақсартамыз», - деді облыс әкімі.

Атап өтілгендей, ағымдағы жылы Омск және Түменге апаратын жолдарда жөндеу жұмыстары аяқталады. Жылдың соңына дейін Қорғанға жүретін жолдың жоспарланған 60 шақырымының 30-ы жөнделеді. Қалғаны  келесі жылға қалады.

Депутаттар жол құрылысының сапасын қатаң бақылауға алу керектігін алға тартты. Кейбір жолдар бір жылға шыдамай бұзылып жатады. Осы ретте «Мәмбетов және К» Сенім серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов жөндеуден өткен соң бір жылдан кейін түгі қалмаған Становое-Раздольное тасжолын тілге тиек етті.