Мемлекетаралық іздеуде жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Ресейде ұсталды ? Астаналық ІІД

АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ресей Федерациясының аумағында мемлекетаралық іздестіруде жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың соңғы мүшесі қолға түсті.

Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте Астана қаласы Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанат Битенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ж.Битеновтың атап көрсеткеніндей, Астана қалалық ІІД Криминалдық полиция басқармасы мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің өзара әрекеттесіп жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, үстіміздегі жылғы мамырдың 10-ы күні Сочи қаласында, денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, ақша бопсалағаны үшін іздестіруде жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі, 1981 жылы туған Тустановский ұсталды. Ж.Битеновтың айтуынша, кәсіпкерлерден ақша бопсалаумен айналысып келген бес адамнан құралған қылмыстық топтың қалған мүшелері өткен жылы қолға түскен. Ұстау барысында Тустановский Ресей милициясының қызметкерлеріне барынша қарсылық көрсеткен. Қазіргі уақытта ол Сочи қаласындағы Лазарев Аудандық Ішкі істер басқармасының Уақытша ұстау абақтысына жабылды. Оны Қазақстан Республикасының аумағына экстрадициялау туралы мәселе қарастырылуда.