Мемлекетаралық қарым-қатынасты тек қана ақшамен есептеуге болмайды - «Атамекен» холлдингінің Директорлар кеңесінің төрағасы

None
АЛМАТЫ. 13 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Латвия арасындағы тауар айналымының жылдық көлемі 250 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Қазақстан-Латвия ынтымақтастығы: Еуропадағы бизнестің жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын тәжірибелік семинар кезінде айтылды.

«Қарым-қатынас болған жердің бәрінде қанағат деу керек. Әлеует пен мүмкіншілік әрдайым жоғары. Бірақ көш жүре келе түзеледі деген бар. Біздің қарым-қатынасымыз кеңестік дәуірде Мәскеу арқылы ғана жүргізіліп, ресми дипломатиялық байланыс тек 1992 жылдан бері орнады. Мемлекетаралық қарым-қатынасты тек қана ақшамен есептеуге болмайды. Оның көлемі мүмкіншілікке қарай әр елде әртүрлі болады. Латвия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық қазір бір-бірінің деңгейіне сай келе жатыр деуге болады», - дейді «Атамекен» холдингінің Директорлар кеңесінің төрағасы Ұзақбай Айтжанов. Оның айтуынша, екі елдің тауар айналымында 180-190 млн. долларды Қазақстанның экспорты құрайды. Латвияға ауыл шаруашылығынан мақта, рапс пен тыңайтқыштар экспортталса, Қазақстанға 40-45 млн. доллар көлемінде шикі және өңделген балық әкелінеді. Бұдан бөлек белгілі бір көлемде фармацевтикалық өнімдер де импортталады.