Мемлекетке 1,2 млрд.теңге залал келтірген «Казгидромет» топ-менеджеріне қатысты тергеу аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы агенттігі ағымдағы жылғы 5 сәуірде Н. Сұлтановқа қатысты қылмыстық істің тергеуін аяқтады.

Оған Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Казгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары бола тұра, тауарлар мен жұмыстарды сатып алу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану жолымен мемлекетке 1,2 млрд.теңге бюджет қаражатын жөнсіз пайдалану түріндегі залал келтірді деген айып тағылуда.

Ол 2012 жылғы қаңтар-ақпан айларында «Адал Тем», «Intertech Industry», «Вектор Строй 2010» және «НПО «Техкурал» фирмаларымен мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамасыз 3,2 млрд.теңгеге құрал-жабдықтар сатып алу туралы көрінеу заңсыз келісімшарттарға қол қойған деп айыпталуда.

Ол аталған тауарлардың тауарлық биржалар арқылы сатып алуға жатпайтындығын және мемлекеттік сатып алудың басқа нысаны арқылы сатып алынатын болса бағасы едәуір төмендейтіндігін білген.

ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетінің қорытындысы бойынша «Казгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жоғарыда аталған компаниялармен тауарлық биржалар арқылы жасалған келісімшарттары заңсыз.

Бүгінгі күні айыпталушы мен оның қорғаушысын қылмыстық іс материалдарымен таныстыру процедурасы жүргізілуде, деп хабарлады Қаржы полициясының баспасөз қызметінен.