ОРАЛ. ҚазАқпарат - Зеленов аудандық сотының үкімімен бюджет қаржысын жымқырған «Зеленов колледжі» МКҚК бас есепшісі айыпты деп танылды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған есепші 2012 жылдың қарашасы мен 2013 жылдың қарашасы аралығында өзінің және қызметкерлердің есепшотына асырып көрсетілген, растайтын құжаты жоқ еңбекақы қаржысын аударып отырған. Кейін ақшаның қате аударылып кеткенін айтып, қызметкерлерден оны кейін қайтаруды талап еткен. Алайда қайтарылған қаржыны кассаға енгізбей, өз пайдасына жаратқан. Бас есепшінің қылмыстық іс-әрекетінің салдарынан мемлекетке 1097671 теңге залал келтірілген. Шығын толық өндірілген.
Сотталушы өз айыбын түгел мойындады.
Сот оны ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлімі «б, г» тармақтары бойынша айыпты деп танып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сондай-ақ ол 3 жыл бойы мемлекеттік мекеме-кәсіпорындарда, заңды тұлғаларда материалдық жауапкершілікті талап ететін және лауазымды қызметтерді атқара алмайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).