Мемлекетке 16 миллион теңгеден астам шығын келтірген әскери бөлім командирі сотталды

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат – Республикамыздағы әскери бөлімдердің бірінің командирі сотталды.

ҚазАқпаратқа бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлап отыр. Қадағалаушы органнан хабарлағандай, 26441 әскери бөліміндегі мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың қолданысына жүргізілген прокурорлық тексерудің нәтижесі бойынша, Орталық аймақтық әскери прокуратура аталған бөлімнің бұрынғы командирі полковник А.Е.Қалибаевқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Наурыздың 27-сіндегі Қарағанды гарнизоны әскери сотының үкімімен А.Е.Қалибаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 381-ші бабы 1-ші тармағы бойынша 2 жылға бас бостандығынан айрылды және одан мемлекет пайдасы үшін 16 миллион 961 мың 410 теңге шығын өндірілді.