Атырау облысы әкімшілігі лауазымды тұлғаларынның өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша және Қызылқоға ауданында газқұбыры мен «Атырау-Доссор» топтық суқұбырын салуға бөлінген жалпы соммасы 6,3 млрд.теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істер тергелуде. Бұл туралы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Сонымен бірге 7 қыркүйекте Агенттіктің тергеу-жедел тобымен Атырау қаласындағы мектеп және аурухана қызметкерлеріне арналған несиелік тұрғын үйлерді салуға бөлінген 177,5 млн.теңгені талан-таражға салу фактісі бойынша, есептен шығарылған «Гурьев-Мақат» суқұбырының құбырларын, «Атырау Ақпарат» МКК-нің әкімшілік ғимараты мен оған қарасты аумақты, «ОблТрансГаз» МКК-нің газқұбырлары мен өзге де мүлкін заңсыз жекешелендіру арқылы мемлекетке 7 млрд.теңгеден астам залал келтірумен қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
7 қыркүйекте сот санкциясымен Атырау облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Б.Жайсанов үй қамауына алынды.
12 қыркүйекте аталған қылмыстарды жасауға қатысы бар деген күдікпен Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Б.Дәукенов пен облыстық қаржы басқармасының бастығы Б.Жантеміров ұсталды.
Оған қоса, 13 қыркүйекте Атырау қаласында қатты қалдықтарды көмуге арналған полигонды салуға бөлінген 111,8 млн.теңге бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыстық істер тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.