Мемлекетке ірі көлемде залал келтірген серіктестік директоры сотталды

None
ОРАЛ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті «Компания Бамус сервис» ЖШС директоры Ж.Бабаевқа қатысты қозғалған қылмыстық істі аяғына дейін жеткізді.

Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталмыш серіктестік 2007 жылы Аңқаты-Сарыөмір автожолын күрделі жөндеуге (жалпы бөлінген қаржы - 371,1 млн. теңге) БҚО автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі департаменті жариялаған ашық байқаудың жеңімпазы атанып, алдын ала 111,2 млн. теңгені алып, жөндеу-құрылыс жұмыстарын бастағанымен, кейін оны аяқсыз қалдырған. Сөйтіп мемлекетке 66,7 млн. теңге залал келтірген. Бабаевтың бұл «ауруы» аталмыш департаменттің «жомарттығы» арқасында Чапаев-Жаңақала-Сайқын автожолының бір бөлігін күрделі жөндеу кезінде де қайталанды. Мұндағы барлық қаралған қаржы 1 млрд. 150 млн. теңге болса, 2007 жылға жасалған келісімшарт сомасы 492,7 млн. теңгені құраған. Компания 110,9 млн. теңгенің жұмысын орындаған да, қалған 102,8 млн. теңгені Бабаев өзі иемденіп, керегіне жаратқан.

Осы мерзімде Ж.Бабаев ірі мөлшердегі ақшаны заңдастыру мақсатымен түрлі айла-шарғы жасаған. Мәселен, 2007 жылдың мамыры мен қыркүйегі аралығында ол «Delta Bank» АҚ Ақтөбе филиалындағы ЖШС-ның есепшотынан 18,4 млн. теңге қолма-қол ақша қаражатын, сондай-ақ 79,5 млн. теңге сомаға шетелдік валютаны, 1,4 млн. теңгеге автомобиль алған және бұрын ЖШС алған несие бойынша 18,4 млн. теңге борышты өтеген. Сөйтіп ол заңсыз жолмен тапқан 117,5 млн. теңгені «заңдастырған».

Орал қалалық соты Ж.Бабаевты ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлімі «б» тармағы бойынша кінәлі деп тауып, мүлкін тәркілеумен бірге 5 жылға бас бостандығынан, 2 жылға кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыруға, жазасын жалпы тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге үкім етті.