Мемлекетке келтірілген залал – 1,2 млрд: құрылысқа бақылау жүргізбеген компания басшысына іздеу жарияланды

АСТАНА.KAZINFORM - ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті 2020–2023 жылдар аралығында ШҚО мен Абай облысының аумағында орналасқан жеті әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына техникалық қадағалау жүргізген «Восток Инжиниринг» ЖШС басшысына қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

Фото: ІІМ

Компанияның міндетіне құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемін, сапасын және жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін бақылау, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, сумен жабдықтау нысандары мен жағалауды бекіту құрылыстарын салу кезінде нақты орындалған жұмыстарды растау кірген. Алайда көрсетілген қызметтер үшін төлем алғанына қарамастан, құрылысқа тиісті бақылау жүргізілмеген.

Кәсіпорын басшысы орындалған жұмыс көлемі туралы жалған мәлімет қамтылған актілерге қол қойып отырған. Тінту барысында мөр көшірмелері мен жалған актілер анықталды. Мемлекетке келтірілген залал 1,2 млрд теңгеден асты.

ЖШС басшысына іздеу жарияланды. Соттың санкциясымен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Халықаралық іздеудегі қазақстандық Түркияда ұсталып, елге қайтарылғанын жазған едік.