Мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.

«Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады», - деді Мемлекет басшысы.


Фото: gadgetshelp.com