Мемлекеттен қолдау алған банк қарызын толық қайтармаса, айырмашылығын басқа банктер өтейді – Заң жобасы

Фото: pixabay

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова жаңа заң жобасы бойынша мемлекеттен қолдау алған банктің акционерін ауыстыру қалай іске асатынын айтты.

- Бұрын банктерге мемлекет қолдау көрсеткенде түрлі тетіктер қолданылатын. Мысалы, Ұлттық банк жеңілдікпен субардинацияланған облигациялар беретін. Бұл банктер арасындағы бәсекені әділетсіз етті. Одан кейін банктердің күйзелістегі акцияларын номиналды құнымен мемлекет сатып алатын. Бұл банктің шығынын мемлекеттің мойнынан артты. Ал банк акционері орнында қала беретін. Сонда банкті қиын жағдайға жеткізген акционер орнын қалып, мемлекеттен көме алатын. Енді банк төлем қабілетінен айырылса, акционер ауысады. Яғни, акционердің капиталы толық есептен шығарылады. Акционердің бүкіл ақшасы, салған салымы банк шығындарын жабуға алынады. Одан кейін міндеттемелер конвертацияланады. Ондай міндеттемелердің тізімі бар. Яғни, облигациялар мен шығарылған борыштары да шығынды жабуға жұмсалады. Осылардың бәрі қаржы жүйесін тұрақтандыруға жетпеген жағдайда ғана мемлекет акционерлік капиталға кіру арқылы қолдау көрсетеді, - деді ол.

Мәдина Әбілқасымова «Мемлекет қаржылай қиындыққа тап болған банкті қолдамай тұрып, әуелі оны жаба салу тиімді ме?» деген сұраққа баға берілетінін айтады.

- Шешім қабылданғаннан кейін ғана мемлекет банктің акционері болып кіреді. Қаржылық тұрақтылық қалпына келген соң мемлекет банкті жаңа инвесторға сатады. Инвесторға банкті сатқан кезде мемлекет акционер ретінде салған ақша түгел қайтпаса, ол айырмашылықты басқа екінші деңгейдегі банктер бірлесіп жабады. Ол үшін екінші деңгейдегі банктер қор құруға міндеттеледі. Яғни, бір банкке қолдау көрсетуден мемлекет шығын шексе, қалған банктер оны бірлесіп өтейді, - деді агенттік басшысы.

Айта кетейік, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі Мәжілісте банктер туралы заң жобасы таныстырды.