«Біз отырыс қараша айының соңында - желтоқсан айының алғашқы жартысында Петербургте өтетінін айқындап, келістік», - деді Ресей Президенті Владимир Путин Сочиде өткен кезекті отырыстың соңында.
Айта кетсек, бұдан бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысына баға беріп, біздің мемлекеттердің экономикалық өсімінің қарқыны интеграциялық процеске айтарлықтай үлес қосатынын атап өткен болатын.
«Біздің ұйымымыздың халықаралық беделі де нығая түсті. Бізбен сауда-экономикалық ынтымақтастықта болуға ұмтылатын елдердің қатары арта түсуде. Толықтай алғанда, қысқа ғана уақыттың ішінде ЕАЭО аяғынан нық тұрып, толыққанды интеграциялық бірлестік ретінде қалыптасты деп айтуға болады. Бүгінгі отырыс біздің ұйымымыздың одан әрі өсуіне және дамуына айтарлықтай өз үлесін қосатындығына сенімдімін», - деді Қазақстан Президенті.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев ұйым аясында экономикалық ынтымақтастықты ары қарай бекемдеуге бағытталған бірқатар мәселелерді көтерген еді. Қазақстан Президентінің атап өтуінше, ең біріншіден бұған дейін қабылданған шешімдердің орындалуын саралап, кешенді шаралар әзірлеу үшін одаққа мүше елдердің арнайы үкіметаралық жұмыс тобын құру қажет. Жұмыс тобы шекарада, сонымен қатар экономиканың салалары арасындағы саудағы кедергілерді анықтау тиіс.
Фото: kremlin.ru