Жиынды ашқан Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исімбаева Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында былтыр «Мемлекеттік аудит туралы» жаңа заң қабылданғанын атап өтті.
«Аталған заң бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі Ұлт жоспарының 93-і қадамына сәйкес қабылданған. Заң ТМД елдерінің арасында алғаш рет Қазақстанда қабылданды. Заң нормалары 2016 жылдан бастап күшіне енді. Сондықтан да, заңның қабылданғанына көп уақыт өтпестен, осы қысқа мерзімнің ішінде ол үлкен оң нәтижелер беріп отыр», - деді вице-спикер.
Сонымен қатар, депутат заңның алдын алу сипаты басым екенін атап өтті. Оның айтуынша, ендігі күні жаңа заңның қолданысқа енуіне байланысты мемлекеттік органдардың бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бағалау тәсілі де қолданысқа енуі керек.
«Бұл аса күрделі мәселе. Дегенмен, ең қажетті тетік осы. Өйткені, осы арқылы бюджеттік тәртіпті сақтау тетігі жетілдіріледі», - деді Г. Исімбаева.