деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Ұшқыш куәліктеріне ие болған орта мектептің жоғары сынып және колледждің оқушылары 9 ай бойы жеңіл авиацияның ұшу аппараттарын басқарудың теориясын меңгеріп, кем дегенде 40 сағат, оның ішінде 25 сағат өз бетімен ұшып үлгерді.
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің «Мемлекеттік авиациялық орталығы» 2006 жылғы қарашада құрылды.
Орталықты құрудың мақсаты - Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы мен әуе қорғаныс күштеріне мамандарды әзірлеумен шұғылданатын ұйымдар үшін ұшқыштарды алғашқы дайындықтан өткізудің базасын қалыптастыру еді.
Бұл орталық дәрігерлік-ұшқыштық сараптамалық комиссияның қорытындысы бойынша денсаулығы жағынан ұшуға жарамды деп танылған 16-18 жас аралығындағы жас ұл-қыздарды дайындайды. Білім беру тегін, бюджеттік қаржы есебінен жүзеге асырылады.
Дайындықтың өзі екі кезеңнен тұрады: теориялық курс, ұшу және өндірістік тәжірибеден өту. Орталықтың ұшқыш-нұсқаушы және инженер-техниктік құрамы жоғары деңгейлі тәжірибелілігімен және біліктілігімен ерекшеленеді. Әуе қорғаныс күштерінің запастағы офицерлері, ұшқыштары мен инженерлері өз білімін кейінгі ұрпаққа үйретіп, оларды отансүйгіштікке баулиды.
Тәжірибелік оқыту курсын толыққанды жүзеге асыру үшін Чехияда шығарылған екі орындық 8 «ТЛ-2000» және «ТЛ-3000» ұшақтары, оларды сақтап қызмет көрсететін ангарлар, ұшу-қону алаңы, оқу-тәжірибелік шеберханалар мен арнайы автомобиль техникасы бар.
Мектеп қабырғасында жүрген жас жеткіншектерді алғашқы ұшу дайындығынан өткізу азаматтық авиация саласындағы маңызды мақсаттардың бірі - әуе мамандарына деген қажеттілікті қамтамасыз ету үшін кадр базасын құруға көмектеседі.