Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы 1,4 пайызға ұлғайды

None
АЛМАТЫ. Сәуірдің 7-cі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Наурыз айында Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 4 аукцион өтті.

Бұл жайлы бүгін Ұлттық банк төрағасының Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аукцион кезінде 13 миллиард теңгелік 12 айлық МЕККАМ, 15 миллиард теңгелік 3 жылдық МЕОКАМ, 12 миллиард теңгелік 9 жылдық МЕУКАМ және 5 миллиард теңгелік 12 жылдық МЕУЖКАМ орналастырылды. Олардың тиімді кірістілігі: МЕККАМ-да - 2,35 пайыз, МЕОКАМ-да - 3,63 пайыз, МЕУКАМ-да - 6,50 пайыз, МЕУЖКАМ-да инфляция деңгейінен 0,01 пайыз болды. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, соның нәтижесінде Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі наурызда ақпанмен салыстырғанда 1,4 пайызға ұлғайып, 1372,7 миллиард теңгені құрады. Өткен айда сондай-ақ Ұлттық банк ноталарының эимиссия көлемі ақпанмен салыстырғанда 28,6 пайызға азайды. Қысқа мерзімдік ноталардың кірістілігі 1,72-ден 1,55 пайызға дейін төмендеді. Ал айналыстағы ноталардың көлемі 16,9 пайызға ұлғайып, 963,3 миллиард теңге болды.