ОРАЛ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламалары аясында ауылдағы шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі облыс әкімінің орынбасары Алтай Көлгіновтің БҚО кәсіпкерлері қауымдастығы өкілдерімен кездесуінде талқыланды.
«Бүгінде мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасап отыр. Ауыл тұрғындары да мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуы қажет», деді А.Көлгінов. Мұны жиынға қатысқан қауымдастық мүшелері де құптады. Мәселен, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысандарына көмек көрсетілуде. Аудан орталықтарында ауыл кәсіпкерлері бухгалтерлік есепті жүргізу, заңгерлік кеңестерді тегін алды. Аталмыш бағдарлама жүзеге аса бастағаннан бергі үш жылда өңірде 4500-ден астам кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Енді осындай жұмыстар жалғасын табуы тиіс.
Жиында аудандарда тұрақты жұмыс жасайтын кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын ашу, әкімшілік кедергілерді азайту, кәсіпкерлердің білім-білігін ұдайы көтеру мәселелері де көтерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).