Мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрген кәсіпкер әйелдердің үлесі - 32 пайыз
16:26, 11 Наурыз 2013
АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгінде мемлекеттік бағдарламаға қатысып, қолдау көрген кәсіпкер әйелдердің үлесі 32 пайыз. Бұл туралы Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Даму» қорының басшысы Ләззат Ибрагимова мәлім етті.
Оның айтуынша, «Даму» қоры оқыту бағдарламасынан бөлек кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетуде. Қор белгілі бір шарт негізінде өз қаржысын қазақстандық банктерге орналастырады, ал ол банктер бұл қаржыларды түрлі бағдарламалар аясында несиеге береді. Осындай бағдарламалар шеңберінде қор 13 мыңнан астам адамға 680 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетті.
«Бүгінде мұндай мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қолдау көрген кәсіпкер әйелдердің үлесі 32 пайыз»,-деді қор басшысы.
Сондай-ақ, бізде әйел кәсіпкерлерді несиелендіретін арнайы бағдарлама да бар. 2013 жылдың 1 ақпанындағы мәліметке сүйенсек, бұл бағдарлама аясында 4,2 миллард теңге көлеміндегі қаржыға 826 кәсіпкер әйел қолдау көрген.