Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген бюджет қаражаттарын ұрлау лауазымды тұлғалар мен мердігерлердің алдын ала сөз байласуы арқылы жасалады - Қаржы полициясы

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген бюджет қаражаттарын ұрлау көбінесе лауазымды тұлғалар мен мердігерлердің алдын ала сөз байласуы арқылы жасалады.

Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

Мәселен, ресми өкілдің сөзіне қарағанда, Алматы облысында Қаратал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Құсайыновтың «Ауыз су» бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаражатын жүйелі түрде ұрлағандығы анықталды. Ол «Строй Полимер и Деталь», «СТ-ENGINEERING» ЖШС-ларының директорлары Лукьянов және Ниязбаевпен сөз байласу арқылы Ескелді аулының сумен қамтамасыз ету жүйелерін және Үштөбе қаласындағы кәріз жүйелерін қайта құру бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойып, төлем жүргізген. «Нәтижесінде 24 млн. теңгені ұрлауға көмектескен Құсайыновқа айыппұл төлеу жазасы кесілді», - деді ол.

Сонымен қатар Маңғыстау облысы Қарақия аудандық құрылыс бөлімі бастығының міндетін атқарушысы Таджаяқов 2,6 жылға сотталды. Ол жеке басына пайда табу және «Сезар» ЖШС-іне артықшылықтар беру мақсатында 2008 жылы Мұнайшы аулында су құбырларының құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы жалған қабылдау актілеріне қол қойып, мемлекетке 19 млн. теңге залал келтірген.