«Тиімді атқарылған шаралар нәтижесінде жүргізілген тексерулер саны кемуінің оң үрдісі байқалады. Биылғы 5 айда өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жалпы тіркелген тексерулер саны 2 пайызға (47 086-дан 46 008-ге) төмендеген. Сондай-ақ, бизнес субъектілерін тексеру 22 пайызға (22 367-ден 17 535-ке) азайды»,-делінген комитет мәліметінде.
Тексерілетін субъектілердің қызметіне заңсыз араласудан қорғау мақсатында Комитет 423 тексеру тағайындау актісін тіркеуден бас тартты, оның ішінде 197-і жеке кәсіпкерлерге қатысты. 117 заңсыз тексеру анықталып, соның 14-і жеке кәсіпкерлерге қатысты болып шықты.
«Мемлекеттік органдар бойынша тексеруді тіркеуден бас тартудың басым бөлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау-78, өртке қарсы қызмет-57, салық қызметі-49, сондай-ақ еңбек инспекциясына қатысты 45 тексеруден бас тартылды»,-деп атап өтілген ведомство хабарламасында.
Аталған мерзімде мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін қолданылған прокурорлық шаралармен мемлекеттік органдардың 220 лауазымды тұлғасы заңмен қаралған жауапкершіліктерге тартылды.