Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заң жобасына енгізілген өзгерістер қабылданды - Мәжіліс

АНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заң жобасына Сенат тарапынан енгізілген өзгерістерді талқылап, құжатты қабылдады.

Естеріңізге сала кетейік, заң жобасы Мемлекет басшысының 2008 жылғы 6 қарашадағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумда жүктеген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленіп отыр. Бұл ретте заң жобасымен мемлекеттік органдардың бақылаушылық-қадағалаушылық қызметін жүзеге асыру мәселелерін жалпы реттеу және оның негізгі принциптерін бекіту үшін бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыру көзделеді. Сонымен қатар құқықтық реттеудің белгілеген салаларының өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, бақылау-қадағалау жүргізуді салалық заңнамалық актілерде қалдыру ұсынылады. Мәселен, заң жобасының күші прокуратура жүзеге асыратын қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу, жедел іздестіру қызметі барысындағы бақылау мен қадағалауға, мемлекеттік құпиялар туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылауға, инвестицияларды жүзеге асыруға арналған келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауға байланысты қолданылмайтын болады.

Бұдан басқа, заң жобасымен тексерілетін субъектілерді тәуекелі жоғары, орташа немесе болмашы топтарға жатқызған кезде жоспарлы тексерулер жүргізудің кезеңділігі айқындалады. Бақылау, қадағалау жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының тексерілетін субъектілер бойыннша құқықтары мен міндеттері белгіленеді.

Сенат тарапынан енгізілген түзетулер жобаның тұжырымдамасына қайшы келмейді әрі олардың басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатында болып отыр.