Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік тілде білім алғысы келетіндердің құқығы тапталуда ? Б. Тілеухан

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік тілде білім алғысы келетіндердің құқығы тапталуда. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Арын Орсариевке сауал жолдаған депутат Бекболат Тілеухан осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Менің атыма 20-дан астам оқушы-магистранттар қол қойған жайсыздау хат келіп отыр. Бұл хатта ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясындағы мемлекеттік тіл жағдайының мүшкілдігіне назар аударылады. Атап айтқанда, еліміздегі білікті мемлекеттік қызметкерлерді даярлайтын оқу орнында қазақ тіліндегі топ мүлдем жоқ екен. Осылайша, Мемлекеттік басқару академиясында қазақ тілінде білім алғысы келетіндердің құқығы тапталып отыр. Шындығында, таза қазақ тілінде білім аламын деушілердің құқығы неге бұлайша аяқасты болатыны түсініксіз?! Президент жанындағы басқару академиясы мемлекеттік тілге осылайша салғырт қарайтын болса, республиканың келешегі қалай болады?», деді депутат. Оның айтуынша, хат жазушы азаматтар мемлекеттік тілде білім алу мүмкіндігін шектейтін, құқы мен намысын таптап отырған оқытушыларға, академия басшылығына наразылығын білдіріп отыр. Осыған орай, депутат Агенттік басшысынан аталған мәселеге қатысты заң шеңберінде жауап беруін, кемшіліктер анықталып жатса тиісті шаралар қолдануын сұрады.