Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратуға бағытталған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Парламентке аталған құжатты қарауды шұғыл деп жариялаған болатын.

Құжат ҚР Президентінің ағымдағы жылдың 24 тамызындағы Жарлығымен айқындалған мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы функциялардың аражігін ажырату бойынша басты қағидаттар мен тәсілдерді іске асырады. Осы мақсатта қолданыстағы 15 кодекс пен 125 заңнамалық актілерге өзгеріс енгізіледі.

Бұл ретте министрліктердің жетекшілік ететін салада мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асырудағы өкілеттіктерін, тиісінше жауапкершілікті күшейту бөлігінде Үкімет пен орталық мемлекеттік органдардың арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату қарастырылады.

Сонымен қатар орталық мемлекеттік органдар арасындағы функциялардың аражігін ажырату бойынша Энергетика министрлігіне мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатудың шекті бағасын белгілеу функциясы беріледі. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен және жергілікті атқарушы органдардан Әділет министрлігіне сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық сараптамаларын жүргізу функциялары беріледі.

Бұдан бөлек, орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға да өкілеттіктер беру көзделеді. Мәселен, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару саласында жергілікті билік органдарына сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы лицензиялау, аттестаттау және бақылау, жер ресурстарын басқару функциялары берілмек.

Ауыл шаруашылығы саласында жергілікті атқарушы органдарға өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру мен бақылау, мақта саласын дамыту мен тұқым шаруашылығы, биоотын өндірісі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру функциялары өтеді. Одан басқа, Ауыл шаруашылығы министрлігінен жергілікті атқарушы органдарға ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің штат санынан жергілікті атқарушы органдарға бере отырып, ветеринария және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру беріледі.

Бұлармен қоса, заң жобасында бірқатар өкілеттіктерді облыстық деңгейден аудандық деңгейге беру қаралады. Атап айтсақ, облыс аумағында спорт ғимараттарын салу мәселелерін үйлестіру, шалғайдағы елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру мектептеріне тасымалдау тәртібінің функциялары аудандық деңгейге беріледі.