Енді Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Еске сала кетейік, бұған дейін сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына түзетулер енгізген болатын. Алайда, Мәжіліс тарапы кейбір түзетумен келіспейтіндіктерін білдіріп, келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылдады. Осылайша, қос палата арасындағы келіспеушілікті еңсеру жөніндегі келісім комиссиясы өздерінің ұсынысын палата қарауына шығарып отыр.
Айта кетейік, аталмыш заң жобасы Мемлекет басшысының 2014 жылдың 6 тамызындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай жетілдіру шаралары туралы» Жарлығын іске асыру аясында әзірленген. Жарлыққа сәйкес, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі таратылып, Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы тұру ісі жөніндегі агенттік құрылған еді. Осыған байланысты, заң жобасында таратылған агенттіктің жемқорлық қылмыстың және заң бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу, тексеру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін жаңа құрылған агенттікке, ал экономикалық және қаржы қылмысы мен заң бұзушылықты Қаржы министрлігіне өткізіп беру қаралған. Агенттік пен қаржы министрлігінің тиісті бөлімшелеріне құқық қорғау органы мәртебесі беріледі.