Бұл туралы «КазИИТУ» ғылым-білім кешені жанындағы мемлекеттік қызмет және жұмысқа орналасу институтының топ менеджері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі, доцент Бауыржан Атауов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Оның айтуынша, Елбасы ұсынып отырған реформа Парламент пен Үкіметтің рөлін арттыруды, саяси жүйені демократияландыруды көздейді. Ол үшін, әрине, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, Үкімет құруда Парламенттің рөлін, министрлердің депутаттар алдындағы жауапкершілігін күшейту аса маңызды. Парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия Үкімет құрамын жасақтауға елеулі түрде әсер ете алады. Үкімет өкілеттілігін бұрынғыдай Президент емес, Парламенттің тоқтатуы да ықпал ету тетігін нығайта түспек. Бұл жағдайда депутаттардың халық алдында беделі өсіп, қоғамдық пікірмен санаса отырып, қабылданатын шешімдердің бәсі артады.
«Өз кезегінде мемлекеттік қызметкерлердің білімді, мәдениетті, жан-жақты болуына тура келеді. Халыққа сапалы қызмет көрсету арқылы ғана кәсіби мемлекет құруға болады. Мемлекеттік басқарудың жергілікті деңгейлерінде бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің жобаларын, стратегиялық жоспарларды, атқарушы органдардың есептерін талқылауда қоғамдық ұйымдардың рөлі күшейе түседі. Сонымен бірге мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және өкілеттіктердің орындалу қорытындылары бойынша да жұмыстар жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Ең бастысы, билік тармақтары өкілеттіліктерінің ауысуы мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына оң әсер етеді. Осы орайда жергілікті өзін-өзі басқаруға байланысты мемлекеттік қызметкерлердің білімін жетілдіру ісіне «КазИИТУ» жанындағы мемлекеттік қызмет және жұмысқа орналасу институты да өз үлесін қоса беретін болады», деді Б.Атауов.