Мемлекеттік бюджет кірістері 106,9 пайызға орындалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылдың 2 айында мемлекеттік бюджет кірістері 106,9 пайызға орындалды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бюджетке трансферттерді есепке алмағанда 2 трлн 724 млрд теңге сомасында қаражат түсті немесе жоспар 106,9 пайызға орындалды. Республикалық бюджетке 2 трлн теңгеге жуық кірістер түсті немесе жоспар 100,9 пайызға атқарылды. Кірістер бойынша жоспар 18 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 9 млрд теңгеге асыра орындалды», - деді министр.

Оның атап өтуінше, салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа, корпоративтік табыс салығына және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі болды.

«Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда осы жылғы 2 айда негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа 18,8пайызға ұлғаюы әсер етті. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушыларын салықтық әкімшілендіру нәтижелері бойынша шамамен 16,5 млрд теңге түсті. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың артығымен орындалу факторлары келесідей: 2021 жылғы қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда осы жылдың екі айында 661 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 83,5 пайызға немесе 141 млрд. теңгеге ұлғаюы; ірі тау-металлургия компанияларына қатысты салықтық әкімшілендіру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар», - деді ол..

Министрдің дерегінше, жер қойнауын пайдаланушыларын әкімшілендіруден бюджетке қосымша 232 млрд теңге түсті. Оның ішінде тексеру актілерінің нәтижелері бойынша қоса есептелген сомаларды өндіріп алу есебінен 24 млрд теңге өндірілді. Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспардың асыра орындалуы негізінен оы жылдың ақпан айында шикі мұнайға мөлшерлеменің 14,2 пайызға ұлғаюына, сондай-ақ АҚШ долларына шаққанда теңге бағамының төмендеуіне байланысты болды.

«Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері: төтенше жағдай кезеңінде бірқатар уақытша шектеулердің енгізілуіне байланысты «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша өткізу айналымының 2,3 пайызға немесе 319 млрд теңгеге азаюы; төтенше жағдай кезеңінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Қазақстанға импорттық жеткізу көлемінің төмендеуі. Нәтижесінде 4,5 мың төлеуші бойынша түсімдер 20 млрд теңгеге төмендеді. Оның ішінде 3,1 мың төлеуші бойынша 15 млрд теңге сомасына түсімдердің анағұрлым төмендеуі көтерме-бөлшек саудада байқалады», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің кірістері 127,7 пайызға атқарылды және 727 млрд теңгені құрады. Жоспар 158 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 142 млрд.теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Шымкент қаласын қоспағанда барлық дерлік өңірлерде асыра орындалып отыр.