Мемлекеттік бюджет - мемлекеттік саясаттың тұтастай көрінісі - Мәжіліс спикері

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Мемлекеттік бюджет - мемлекеттік саясаттың тұтастай көрінісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының мақұлдануына қатысты Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин осындай пікір білдірді.

Үкімет пен Парламенттің бірлескен жұмысы нәтижесінде алдағы үшжылдық бюджеті жобасы мақұлданғанын айта келе спикер, мұның маңызды нәтиже екенін атады. «Бюджет жобасы Елбасының алдымызға жүктеген барлық тапсырмасын орындауға мүмкіндік беретін болады. Жалпы, мемлекеттік бюджет - мемлекеттік саясаттың тұтастай көрінісі. Сондықтан да, екі ай бойы Мәжіліс Үкіметпен бірлесе үш жылдық бюджетті мұқият қарап шықты», - дей келе Н. Нығматулин бюджетті қалыптастырудың кемшіліктері де болғанын алға тартты.

«Ашығын айту керек, кей жағдайда бюджеттік тапсырыстар шала жасалып қана қоймай, толығымен бюджеттік заңнамаға қайшы келіп тұрды. Сондықтан да, ондайға депутаттар қағидатты түрде қарсылық білдірді. Бұны Үкімет те түсінеді деп ойлаймын. Келешекте Үкімет бюджет жобасын Парламентке әкелгенде осыны ескерулері керек. Сонда ғана біз Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиянақты орындай аламыз», - деді палата спикері.