«Мемлекеттік бюджетке 1 трлн 472 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 124,3 пайыз атқарылды. Республикалық бюджетке 899 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 117,1 пайыз орындалды. Кірістер бойынша жоспар 132 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар - 102 млрд теңгеге асыра орындалды», - деді 2021 жылдың қаңтар-ақпанындағы республикалық бюджеттің орындалуы жайында баяндаған министр.
Оның атап өтуінше, салықтар бойынша негізгі асыра орындау сомасы пайдалы қазбаларды өндіру салығына, қосылған құн салығына және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажына тиесілі болды. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы және қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына экспорттық позицияларға бағаның орташа 11,2 пайызға ұлғаюы әсер етті.
«Қосылған құн салығы бойынша жоспарды асыра орындауға келесі факторлар әсер етті: кәсіпкерлік белсенділіктің өсуі; 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2021 жылғы қаңтарда үшінші елдермен импорт көлемінің 1,2 пайызға ұлғаюы», - деді ол.
Министр шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша негізгі асыра орындау экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің 50 АҚШ долларына дейін ұлғаюымен байланысты болғанын айтты. Ал корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауына 2021 жылғы қаңтар-ақпанда 719 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 36 пайызға азаюы себеп болып отыр.
«Жергілікті бюджеттердің кірістері 137,3 пайызға атқарылды және 574 млрд теңгені құрады. Жоспар 156 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша - 138 млрд теңгеге асыра орындалды. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар артығымен орындалып отыр», - деді Ерұлан Жамаубаев.