Мемлекеттік бюджеттен колледждер мен кәсіптік лицейлерге қосымша 20 мың адамға мемлекеттік білім беру тапсырыстары бөлінді - Білім және ғылым министрлігі

АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Мемлекеттік бюджеттен колледждер мен кәсіптік лицейлерге қосымша 20 мың адамға мемлекеттік білім беру тапсырыстары бөлінді.

Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрлігінде өткен апталық брифингте Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің төрағасы Қадырбаек Бөрібаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республикалық бюджеттен бұндай көлемдегі тапсырыстар ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Орта буынды мамандарды және жұмыскерлер кадрларын дайындау жергілікті биліктің деңгейінде шешіліп келді», дейді Қ.Бөрібаев.

Мамандарды дайындау және қайта даярлауда дағдарысқа қарсы іс-шаралар шеңберінде мемлекет 14 млрд. теңге бөлді. Жол картасы бағдарламасы бойынша, қазіргі уақытта 45 мыңнан аса адам кәсіптік білімді қайта алып шыққан.

Брифингте белгілі болғанындай, Білім министрлігі жұмыс берушілердің қатысуымен 170 мамандық бойынша оқу бағдарламаларын жасады. «Шетел жұмысшыларын алмастыру мақсатында сапалы кәсіптік білімі жоғары жұмысшыларды шығаруға үлкен күш салынды. Отандық еңбек нарығын бәсекеге қабілетті етудің жолын іздедік. Сондықтан еңбекте жүрген кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша, 10 мыңнан аса маман қайта даярланды», деп атап көрсетті ол.