Мемлекеттік хатшы Арменияның жаңадан тағайындалған елшісін қабылдады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Арменияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Гагик Галачянмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу кезінде Г.Әбдіқалықова жаңадан тағайындалған елшіні Қазақстандағы қызметіне кіріскенімен құттықтап, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірді.

«Сіздің келуіңізбен біздің қарым-қатынасымыз күшейе түседі деп үміттенемін. Жалпы, Қазақстан мен Армения бұрыннан бері жақсы араласып келеді. Тарихи-мәдени байланыстарымыз да мығым. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында бірлесіп жұмыс істейміз. Әрине, сауда-экономикалық байланыстарға баса мән беріледі. Соңғы бір жылдың ішінде аталған көрсетікіш 20 процентке өсті. Дегенмен, оны әлі де арттыруға болады. Қазір екі елдің тауар айналымы 10 миллион доллардан асады. Бірақ осы көрсеткіш бұдан да жоғары болса екен деген тілек бар», - деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы Қазақстандағы армян диаспорасына да тоқталды.

Оның айтуынша, бүгінде әрбір облыста армяндардың мәдени орталықтары бар.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Бізде армян ұлтынан бір әйел депутатымыз бар. Жалпы, біз екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге әзірміз», - деп атап көрсетті Г.Әбдіқалықова.

Айта кетейік, өткен жылы қараша айында Арменияның президенті Армен Саркиясян Гагик Галачянды осы елдің Қазақстандағы және Қырғызстандағы елшісі қызметіне тағайындады. Ал 12 желтоқсанда елші ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамотасын тапсырып, Қазақстандағы қызметіне ресми түрде кіріскен болатын.

Соңғы жаңалықтар