Мемлекеттік хатшы денсаулық сақтау саласының мамандарын қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Медицина қызметкерлері күні қарсаңында саладағы жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, санитарлық авиация дәрігерлерімен және фармацевтика мамандарымен ауылдық дәрігерлермен кездесті.

«Ұлт жоспары бізді медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы қатарлы стандарттарын енгізуге бағдарлайды. Ол үшін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тарапынан медициналық қызмет сапасы бойынша біріккен комиссия құрылуда. Ұлт денсаулығы мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Осы орайда мемлекет әрдайым отандық медицинаны жетілдіру мәселелеріне айрықша назар аударуда», - деді Г. Әбдіқалықова.

Соңғы 5 жылда қазақстандықтардың күтілген өмір сүру жасының ұзаруы отандық медицинаның қол жеткізген табыстарының айғақты дәлеліне айналды. Таратылған мәліметтерге қарағанда, өмір сүру жасы 3 жылға ұзарып, 2014 жылы 71,6 жасты құрады. 2010 жылмен салыстырғанда ана өлімі 2 есеге, бала өлім-жітімі 1,7 есеге төмендеді.

Жиын барысында денсаулық сақтауға, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге, өңірлік ғылыми мамандандырылған медициналық ұйымдардың, ауылдық медициналық мекемелердің жұмысына байланысты мәселелер талқыланды.

Саладағы өзекті мәселелерді қарастыру қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы құзырлы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.