Бұл туралы бүгін Ақордада өткен спорттағы жоғары жетістіктер мен дене шынықтырудың одан әрі дамуына арналған республикалық кеңес барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.
«Сіздер қазір Қазақстанның барлық облыстарындағы спорт нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізулеріңіз қажет. Қайсысы күрделі жөндеуді қажет етеді, қайсысы бүгінгі кезде мүлдем жаңадан салуды қажет етеді, қай облыста не жетпейді?», - деді Мемлекеттік хатшы ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевке қарата.
Бұл ретте ол қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 400-ден астам денсаулық сақтау мекемелері мен 300-ден астам мектептер салынғандығын атап өтті.
«Сол сияқты ендігі кезекте біз спортқа да көңіл бөлетін жағдайға жеттік деп есептеймін. Егер Лондон олимпиадасындағы табысымыз бұрын-соңды Қазақстан тарихында болмаған жетістіктерге қол жеткізетін болса, онда спортқа деген жалпы қызығушылық туындайды. Міне осы кезде біз осындай ұсыныс енгізуге дайын болумыз керек», - деді М.Құл-Мұхаммед.