Мемлекеттік хатшы Қ.Саудабаев Қытай мемлекетінің басшыларымен келіссөздер жүргізіп қайтпақ - апталық брифинг

СТАНА. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ақпанның 22- 24-і аралығында Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Цзечидің шақыруымен ресми сапармен Қытайға барады.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, бұл Қ.Саудабаевтың Сыртқы істер министрі лауазымындағы Бейжіңге алғашқы сапары болып отыр. Мемлекеттік хатшы онда көрші мемлекеттің басшылығымен бірқатар келіссөздер жүргізіп, оның барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашақ перспективаларын сөз етпек.

«Сондай-ақ сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясында «Қазақстан және Қытай: аймақтағы бейбітшілік пен өрлеуге бағытталған стратегиялық әріптестік» тақырыбында сөз сөйлейді деп жоспарлануда. Қ.Саудабаевтың Қытайға сапары екіжақты саяси байланыстарды одан әрі жетілдіруге және дипломатиялық мекеме басшыларының кездесулерін тұрақты өткізу тәжірибесін орнықтыруға, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға бағытталған», деді А.Әбдірахманов.