Бұл туралы бүгін Ақордада спорттық жоғары жетістіктер мен дене шынықтырудың одан әрі дамуына арналған республикалық кеңес барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.
«Қазіргі кезде әлем жұртшылығының назары Лондонға ауып отыр. Барлық мемлекеттер өздерінің спортшыларын даярлап, осы әлемдік спорт бәсекесіне үлкен дайындықпен келуде. Бүгінде әлем жұртшылығы Қазақстанды экономикасы, мәдениеті, әлеуметтік жағдайы қарқынды даму жолына түскен үлкен мемлекет ретінде ғана емес, сонымен қатар спорты дамыған мемлекет ретінде де жақсы біледі. Өткен жылғы Қысқы Азиада ойындарының Қазақстанда өткізіліп, онда біздің еліміздің Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея секілді спорты өте жақсы дамыған мемлекеттердің алдына түсіп, командалық есепте бірінші орынды жеңіп алуы Қазақстан спортының әлеуетінің мол екенін көрсетіп отыр», - деді Мемлекеттік хатшы.
Осы орайда ол бұған дейінгі кездерде де Қазақстан спорты өзінің мықтылығын әлемдік үлкен додаларда, олимпиадаларда, чемпионаттарда дәлелдегенін қадап айтты.
Сонымен қатар, М. Құл-Мұхаммед еліміздің аумағында әлемдік деңгейдегі спорттық нысандар тапсырылып жатқандығын, білікті жаттықтырушылар шақырылып, спорт саласына қаржыландыру жыл сайын артып отырғандығын жеткізді.
«Ендеше біз Лондон Олимпиадасында Елбасының отандық спортқа деген қамқорлығына сай лайықты нәтижеге қол жеткізуіміз керек деп есептейміз», - деді Мемлекет хатшы.
Айта кетейік, кеңес барысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев алдағы Олипиадаға дайындық барысы жайында баяндама жасады.