Мемлекеттік хатшы: ҚХА - Елбасы Н.Назарбаевтың бірегей саяси жаңашылдығының жарқын нәтижесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей саяси жаңашылдығының жарқын нәтижесі. Бүгін Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс өткізген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова осылай атап көрсетті.

«Мемлекет басшысы 1 наурызды ғасырлар бойы барлық этностарға қайырымдылығы мен мейірімділігін танытып келе жатқан «Қазақтарға алғыс айту күні» деп атап өтуге қатысты барынша әділетті ұсыныс енгізді. Нақ сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-ші сессиясы «Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр» атты атауымен өтті. 2015 жыл Қазақстан халқы үшін ауқымы зор тарихи жылға айналды. Өйткені, Ассамблеяның Қазақстан халқын біртұтас етіп, біріктіруші басты миссиясы мен міндеті табысты орындалды», - деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшының атап көрсеткеніндей, бүгінде Ассамблея - тұрақтылықтың сенімді факторы, қоғамдық келісімнің берік іргетасы, орнықты дамудың кепілі.

«Бүгінде ҚХА - Елбасы Н.Назарбаевтың бірегей саяси жаңашылдығының жарқын нәтижесі, патриоттық және берекелі ынтымақ, Отанның тағдырына деген жалпы жауапкершілік, Қазақстанның табысты дамуының стратегиялық ресурсы, біздің күш-жігеріміз бен ертеңгі күнге деген мол сеніміміз», - деп сөзін түйіндеді Мемлекеттік хатшы.