Мемлекеттік хатшы техникалық мамандарды даярлау бағытында бірқатар тапсырмалар берді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «ҚазТехЭкспо» сауда-өндірістік кешенінде әйелдер қауымымен кездесті. Бұл кешендегі жұмысшылардың 70 пайыздан астамы нәзік жандылар.

«Қазір Елбасы үлкен мақсат жүктеп отыр, яғни 30 дамыған елдің қатарына кіруіміз қажет. Бұл тұрғыда адами капиталды дамытуға ерекше мән берілуде. Сондықтан қажетті мемлекеттік инвестициялар салынуда», - деп тоқталды Мемлекеттік хатшы.

Осы орайда Г. Әбдіқалықова 2015-2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында экономиканың алты негізгі саласы үшін 10 жетекші колледж және 10 жоғары оқу орны білікті кадрларды даярлап, кейіннен аталған тәжірибе еліміздің басқа да оқу орындарына таралатыны жөнінде айтты.

Кездесу барысында Мемлекеттік хатшы әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. «ҚазТехЭкспо» өндірісте жаңа технологияларды пайдалана отырып, машина жасау мен тоқыма өнеркәсібі бойынша дуальды оқыту үдерісіне, кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге белсенді қатысуда. Бұдан бөлек, колледждер мен жоғары оқу орындарына тәжірибелік алаңдарын ұсынып отыр.

Атап айтқанда, кездесуден кейін аталған кешенде өткен кеңес барысында Г. Әбдіқалықова мемлекеттік органдардың өкілдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, білім алушылар арасында кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізу үшін олардың кәсіби таңдауына көмек көрсетуге, олардың болашағын айқындауына, сондай-ақ еңбек пен кәсіптік оқытуға қажетті жағдай жасау тұрғысында еліміздің 9 өңірінде 5-11 сыныптардың 20 мыңнан астам оқушысын қамти отырып, 29 оқу-әдістемелік комбинат жұмыс атқаруда.

Қазіргі кезде еңбек нарығындағы бос орынның 70 пайыздан астамын жұмысшы және техникалық мамандар құрап отыр.