Мемлекеттік хатшы жастарды «Тыраулап ұшқан тырналар» қойылымын тамашалауға шақырды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова жақында ғана Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында премьерасы өткен «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драмасын тамашалады.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойының қарсаңында режиссер Талғат Теменов сахналап отырған «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драма жеңістен кейінгі совет солдаттарының өмірінен сыр шертеді.

«Биыл білесіздер, үлкен той - Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Бұл мерейтой жыл басынан бастап, ардагерлерге деген құттықтаулардан басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінде әр түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның ішінде Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрдың сахнасындағы «Тыраулап ұшқан тырналар» деген ресейлік драматург Валентин Ежовтың шығармасы бойынша қойылатын спектакль. Қазақ тіліне аударған Әшірбек Сығай. Бұл қойылымда ең біріншіден, біздің ағаларымыз бен апаларымыздың үлкен ерлігі көрсетіледі. Одан кейін адами қасиеттер, адами құндылықтар, махаббат, Отанға деген сүйіспеншілік, ерлік, өжеттік - осының барлығы паш етіледі», - деді Мемлекеттік хатшы тілшілерге берген сұхбатында.

Оның сөзінше, 70 жыл өтсе де, ата-бабаларымыздың жасаған ерліктері мен кейінгі ұрпаққа сыйлаған жеңісі кімнің де болсын жадында қала бермек.

«Жалпы Қазақстан жерінен 1 млн. 800 мыңнан астам соғысқа шақырылған азаматтар болды, олардың жартысы өкінішке орай, Отан үшін жер жастанды. Қазір елімізде 4700-ден астам ардагерлер бар, оларға барлық марапаттар көрсетіліп жатыр. Жыл бойына да көрсетіле береді деп ойлаймын. Ал бүгінгі мына қойылым жастарға, біздің барлығымызға үлгі болатын, патриоттық сезімді оятатын қойылым болады деп ойлаймын», - деп түйді сөзін Г.Әбдіхалықова.

Спектакль орыс драматургы Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» шығармасы желісі бойынша саханаланды. Қазақ тіліне аударған белгілі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор - Әшірбек Сығай. Режиссерлық нұсқасын Қазақстанның Халық артисі, театр және кино режиссері Талғат Теменов жасады.

Аталмыш қойылым бас кейіпкер Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасындағы кездейсоқтықтан туындаған махаббат тақырыбын көтереді. Осы аралықта адамзатқа ортақ қасиет - махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, өшпенділік пен сүйіспеншілік, сағыныш пен мейірімділіктің ұшқынын спектакль барысынан көресіздер.

Қойылымдағы басты кейіпкер Пернебек Боранбаевты отандық кино өнерінде бірнеше басты рөлдерді сомдап жүрген жас актер - Әбілмансұр Серіков сахналаса, неміс қызы Инганың рөлінде -театрдың жас актрисасы Ақмарал Танабаева. Сондай-ақ, спектакль барысынан бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр артистері, Қазақстанның Халық артисі Т. Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері - А. Омаров, Н. Өтеуілов, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері С. Қашқабаев пен Қ. Қыстықбаевтар өнер көрсетеді.