Мемлекеттік хатшының төрағалығымен Ведомстволық наградалар жөніндегі геральдикалық комиссияның отырысы өтті

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган - Ведомстволық наградалар жөніндегі геральдикалық комиссияның отырысы өтті.

«Қазақстандықтардың уақыттың сын қатеріне лайықты жауап бере алатын жаңа ұрпағын тәрбиелеуде моральдық және материалдық көтермелеу ісі маңызды рөл атқарады. Наградалар адам бойындағы еңбекқорлық, табандылық қасиеттерін тұтастай айқындауы тиіс. Сондай-ақ, экономика, мәдениет, ғылым және өнер сияқты салаларды нығайту мен дамытуға қосқан жеке үлес салмағының жан-жақты көрсеткіші болуы керек. Сондықтан да ведомстволық наградалардың мейілінше әлеуметтік мәні бар. Және бұл мәселеге біз барынша байыптылықпен қарауға тиіспіз»,-деді отырыстың ашылуында Мемлекеттік хатшы.

Отырыста Тәуелсіз Қазақстанның серпінді дамуы барлық салада болып жатқан өзгерістердің ұлттық құқыққа сай болуын талап ететіні атап өтілді. Осыған орай, құқықтық норманы қолдану қызметін, оның ішінде геральдика саласын одан әрі жетілдіру қажеттігі туып отыр.

Ведомстволық наградалар атауларының дұрыс қолданылмауын әрі тілдік нормаларға сай келмеуін реттеу, олардың дизайнындағы кемшіліктерді жою мәселесіне барынша назар аударылды.

Отырыс қорытындысында тиісті құрылымдарға ұсыныстар мен нақты тапсырмалар берілді.