Мемлекеттік инвестицияларды пайдаланудың тиімділігі талқылануда

АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Елордалық «Дипломат» отелінде «Мемлекеттік бюджеттің инвестициялары - тиімділік, ашықтық және есептілік» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтуде.

Жиынға Парламент депутаттары, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының, Экономикалық даму және сауда министрлігі Экономикалық зерттеулер институтының, «Индустрияны дамытудың қазақстандық институты» акционерлік қоғамының Өндірістің орналасуын зерттеу жөніндегі орталығының, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда.

«Мемлекет қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарын еңсеру жағдайында жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және экономиканы әрі қарай тұрақты дамыту мақсатында дағдарықа қарсы ауқымды бағдарлама жүзеге асырып отыр, посткеңестік кеңістік аумағында бұрын-соңды қолға алынбаған мұндай іс-шара көптеген дамыған елдердегі бағдарламаларына жетеқабыл. Ол банк секторын, құрылыс саласын, кәсіпкерлікті, түрлі мақсатты топтарды қолдауға бағытталған. Ол инвестициялардың барлығы даму институттары арқылы бөлінуде», - деді «дөңгелек үстел» басында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты, Қазақстанның Азаматтық альянсының төрайымы Айгүл Соловьева.

«Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2003-2009 жылдың аралығында қаржы активтерін алуға, оның ішінде жарғылық капиталды қалыптастыруға және арттыруға, республикалық бюджеттен 2 триллионға жуық теңге немесе 11,6 миллиард АҚШ доллары бөлінген», - дейді депутат.

Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін инвестициялардың тиімділігіне, ашықтығына және есептілігіне тоқталған депутат, азаматтардың және халықтың, азаматтық қоғам институттарының билікке артқан сенімдері еліміздің орнықты және тұрақты дамуының, әлеуметтік келісімнің негізін құрап отырғанын айтты.

Жиналған қауым сондай-ақ заңды тұлғалардың жарғылық капиталын толықтыруға бөлініп отырған бюджет инвестициясының тиімділігін, олардың ашықтығын және есептілігін қамтамасыз ету мәселелерін, мемлекеттік активтерді басқару саласындағы заңнаманы жетілдірудің жайын, т.б. мәселелерді талқылады.