Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесі құрылатын болады

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасының негізгі мақсаты елді мекендердің, инженерлік құрылыстардың және желілердің, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйі туралы ақпараттың жеделдігін қамтамасыз етуге бағытталады. Осы бағытта мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесін құру көзделеді. Бұнымен қоса, авторлық қадағалауды жүзеге асыру рәсімдерін реттеу және нысандар құрылысына арналған алдын ала жобалау құжаттамасының мерзімін белгілеу көзделеді.

Сонымен қатар, заң жобасында қала құрылысының жаңа жүйесі озық технологияларды пайдалана отырып, жекелей кәсіпкерлер мен халықты қолжетімді деңгеймен қамтамасыз ету қарастырылады. Ақпараттардың жеткіліктілігі түрлі рұхсаттама жүйелерінің соның ішінде, жер телімін беру, құрылыс салуға рұқсат беру, т.б. уақытын қысқартуға мүмкіндік туғызады. Бұл сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтан сақтандыратын жаңа жүйе. Бұл басқа да мемлекеттік ақпараттық базалармен бірге Электрондық үкіметтің құрамдас бөлігі болып табылады.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.