Мемлекеттік қарыз 2020 жылға қарай ЖІӨ-нің 22 пайызынан аспауы керек - Е. Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қарыз бен квазимемлекеттік сектор қарызы 2020 жылға қарай Жалпы ішкі өнімнің 22 пайызынан аспауы керек. Бұл Ұлттық қорда жинақталатын қаражаттың мемлекет қарызын салыстырмалы түрде асып түсуін қамтамасыз ететін болады. Бүгін Парламент Сенатында өтіп жатқан Үкімет сағатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 2020 жылға қарай мемлекеттік бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге 1,4 пайызға дейін төмендету жоспарланады. Мұның өзі мемлекеттік қарызды ең төменгі деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз етеді.

«Бұл ретте Ұлттық қор қаражаты шектеулі мөлшерде ғана пайдаланылатын болады әрі мұнай табыстарын сақтау саясатын жалғастыру қамтамасыз етіледі. Ал Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру және оның жинақ функциясын күшейту үшін Қордағы төмендетілмейтін қалдық қаражат ЖІӨ-нің 30 пайызына тең болып отыруы керек», - деді Е. Досаев.