Мемлекеттік кірістер комитеті ұлттық компаниялардан 187 қылмыс анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік кірістер комитеті ұлттық компаниялардан 187 қылмыс анықтады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.

«Біз квазимемлекеттік сектордан 187 қылмыс анықтадық. Ұлттық қор желісі бойынша 8,5 млрд. теңге сомасындағы шығынды мемлекетке қайтардық», - деді Д.Ерғожин.

Сонымен қатар, ол комитеттің Экономикалық тергеу қызметі мемлекеттік шекара арқылы өтетін контрабандалық арналарды анықтау бағытындағы жұмыстарды жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Мәселен, бір қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары аяқталуға жақын. Аталған қылмыстық іс бойынша Қытайдан мақта талшықтары әкелініп, өңдеп, дайын өнім жасалуы тиіс болған. Бұған қоса, кедендік салық төленбеген. Ал іс жүзінде ешқандай да мақта жеткізілмеген. Халық тұтынатын тауарлар әкелінген. Шығын көлемі шамамен 500 млн. теңгеге жуықтайды», - деді Д.Ерғожин.