Мемлекеттік кірістер комитетінің 600 қызметкері қысқартылады
Бұл туралы аталған ведомствоның вице-министрі Руслан Бекетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылы кедендік және салықтық органдардың тексерулері санын төмендетуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, тексеруге қатысты шаралардың елеулі бөлігі қысқарады. Сонымен қатар осы үдеріске жұмылдырылған адамдар санын қысқарту мәселесі де қарастырылатын болады»,-деді ол Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Баспасөз қызметі таратқан ақпаратта бұл мәселе Мемлекеттік кірістер комитеті штатындағы 600 қызметкерге қатысты екендігі нақтыланған. Яғни олар бақылау-қадағалау қызметін атқарып жүрген мамандар.
Салықтық есептілікті азаматтар Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-порталы ішіне кіріп, «Салық төлеушінің кабинеті», Мемлекеттік кірістер органдарының қызмет көрсету орталықтары, Мемлекеттік корпорацияның халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы береді, сондай-ақ «1414» Бірыңғай байланыс орталығында консультация алады.