Мемлекеттік қолдау - даму баспалдағы - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 8-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 8-інде жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты биылғы Жолдауында «Біздің алдымызда дағдарыс салдарын еңсеру және келесі экономикалық өсуге әзірлену жөнінде үлкен міндеттер тұр» деп атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасын қабылдап, еліміздің экономикасының негізгі салаларын мемлекет тарапынан қолдау және одан әрі дамыту жөнінде кешенді шаралар белгілегені мәлім. Үкімет белгілеген осы маңызды стратегиялық бағдарламалардың өміршең мәселелерін іс жүзіне асыруға жетекшілік жасау Премьер Министрдің орынбасары Серік Ахметовке тапсырылған болатын.  Аға басылым  «Егемен Қазақстан» газеті «Мемлекеттік қолдау - даму баспалдағы» деген тақырыппен Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовпен сұхбат берген. Онда Үкімет тарапынан дағдарысқа қарсы қабылданған іс-қимылдың дамуға бастайтын келелі істері әңгіме болады. Олардың арасында мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдауға 260 миллиард теңге бөліп отырғаны, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық тауар үлесін арттыруға бағыт ұсталып отырғаны, 30 серпінді жоба бойынша жасалып жатқан іргелі істер қамтылады. Бір ғана Жол картасының аясында биыл төрт инвестициялық бағыт бойынша 4 775 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл орайда көп жылдан бері біраз проблемлар қордаланып қалған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, елді мекендерді сапалы коммуналдық қызметпен қамту, жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеу сияқты көптеген шаруалар орайын табайын деп тұр. Осы бағдарлама аясында 238 мың жұмыс орындары ашылған.

Ал Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы, Мәжіліс депутаты Сағынбек Тұрсыновтың газет тілшісімен «Ұлттық құндылық сақталуы тиіс» деген сұхбатында демократиялық қоғам орнату жолындағы үрдістер туралы айта келіп, адам құқықтарын сақтау жөніндегі заң талаптарының сөзсіз орындалуы тиіс екендігін атап көрсетумен қатар, бүгінде ақпарат таратудың елеулі көзі болып отырған Интернеттегі келеңсіздіктерге де назар аударып, кез келген ақпарат біздің ұлттық құндылықтарымызға, мемлекеттік тұтастғымызға қауіп төндірмеуі керек деген салиқалы ой айтады. Ал белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Кәкімбек Салықовтың «Білімнің баянды бағыты» деген мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ашылған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бүгінде білім кеңістігінде өзіндік тұрпатымен қалыптасып, еліміздің жетекші оқу орнына айналып отырғанын баяндайды. «Астана айшықтары» айдарымен оқырмандарға ұсынылған «Құрылысшы - өмір сәулетшісі» мақаласы  жасампаз кәсіп иелері құрылысшылардың төл мерекесіне орайластырылып отыр.

Ал республикалық «Айқын» басылымы осы меркеге орай Қазақстанның құрметті құрылысшысы Ұазқбай Айтжановтың «Қазақстан құрылыс саласы сексенінші жылдары жеткен биігіне қайта көтеріліп келеді» деген көлемді сұхбатын дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдармен берген.

Білім және ғылым министрлігі елді елең еткізер мәлімдеме жасаған болатын. Жас өскінді діни тұнық бастаулардан сусындатуды мемлекет ендігі алдағы оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына «Дін тану» негіздері атты пәнді қосу  арқылы іске асырмақ. Дәл осындай бастаманы ағымдағы жылы көрші Ресей қолға алған болатын. Бірақ олардан айырмашылығы, бізде бұл қадам сынақ түрінде емес, міндетті пән болмақ. Бұл туралы газет тілшісі «Дінтану мектептен басталады» деп аталатын мақаласында таратып жазған.

Таяуда өткен Үкімет мәжілісінде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев бүгінгі ұсақ шаруа қожалықтары саланы кешенді дамытуға қолбайлау болып отырғанын, сондықтан да саланы ірілендіріп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қажеттігі жайлы ұсынысын айтқан болатын. Газет осы келелі мәселені арнайы мақалада қаузап, ауыл шаруашылығын ірілендірілген кооперативтерге біріктіру - өмірдің басты талабы деген пікір айтып, министрдің сөзін жандандыра түскен.

Мемлекеттік тіл - қазақ тілінің қамын талмастан жырлап, руханият, әлеумет шаруаларының бүге-шігесін тарата көтеріп, тақырыбынан жаңылмайтын ұлт газеті - «Ана тілі» бүгінгі санында түпкірдегі ауылдың қадау-қадау проблемаларын көтерген. «Төрт түліктің киесі қонған Мойынқұм» сараптамасында күрмеуі шешілмеген мәселелерді сөз ете отырып, қазақтың қалың ортасы - ел ішін алаңдатып отырған мәселелерді көтереді.

Елордамыздың республикалық қоғамдық-саяси басылымы - «Астана ақшамы» газеті айқарма бетін «Қазақ елі» айдарымен ұлтымыздың даныпаны ұлы Абайдың туған күніне орайластырылған. Ақын әрі сазгер Тұрсынжан Шапайдың «Абайдың дидары» эссесі, газет тілшісі Раушан Төленқызының «Бұл қазақ - Абайына қарап еңсе тіктейтін ел» деген жалпы тақырыппен дайындаған топтамасында Халық жазушысы Әкім Тарази, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек, қаламгер Тұрсын Жұртбай, журналист Өріс Яшүкірқызы Астанадағы Абай ескерткіші жайлы ой толғайды.  

  Ақпарат айдынына жаңадан келіп қосылған «Алаш айнасы» газетінде де бірқыдыру тақырыптар қозғалған. Соның ішінде «Елімізде мәдениет пен өнерге арналған арнайы телеарна ашуға мүмкіндік бар ма?» деген сұрақты ой-көкпарға салып, көлденең тартады. Абайтанушы Омар Жәлел «Ақылды қариялары жоқ елден ақылды жастар да шықпайды» деп тосын пікірдің шетін шығарады. Қалай дегенде де алаш азаматының келешегін көздеген бұл мақалада да оқырман ой түйер елеулі пікірлер бар.