«Бағдарлама іске асырылған жылдар ішінде, яғни 2011 жылдың 1 шілдесінен мемлекеттік қолдау шаралары 744 мыңнан астам адамға көрсетілген. Оның ішінде 563 мың адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасты. Осы жылдың 9 айында бағдарламаға 146 мыңнан астам адам тартылды», - деді Тамара Дүйсенова.
Оның сөзіне қарағанда, жұмыс күші құрамының сапалық өзгерісі жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 6,3 пайызға және жалдамалы жұмыскерлер саны 16,6%-ға өскенімен сипатталады.
Министр бірінші бағытта қарастырылған (жұмыспен қамтуды инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен қамтамасыз ету) шаралар экономикалық дағдарыс кезінде әлемдік тәжірибеде өзін жақсы жағынан көрсеткен шараларды көздейтінін атап өтті.
Ведомство мәліметіне қарағанда, 2016 жылы 5712 жобаны іске асыру жоспарланған, оның ішінде 3607 жоба ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Үкіметтің арнайы резервінің қаражаты есебінен көзделуде, осы жобалар тұрғындар жиынының шешімі бойынша ең шалғай ауылдарда іске асырылады.
Жобалардың негізгі бөлігі - бұл жолдар мен білім беру нысандарын жөндеу. Өңірлер бөлінісінде жобалардың көбісі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында іске асады.
Көрсетілген жобаларда 41 мыңнан астам жұмыс орындарын құру көзделуде. Ағымдағы жылы Бағдарламаның бірінші бағытына барлығы 81,5 млрд. теңге бөлінді. Жұмыс кестесіне және қаржыландыру жоспарына сәйкес, әкімдіктер ағымдағы жылғы қараша-желтоқсан айларында бөлінген қаржаттарды толықтай игереді деп күтілуде.