14:43, 26 Наурыз 2009
Мемлекеттік қолдау жасалып отырған майлы дақылдардың егіс алқабы негізсіз қысқартылып отыр ? А. Күрішбаев
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік қолдау жасалып отырған майлы дақылдардың егіс алқабы негізсіз қысқартылып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа мәжілісінде ведомство басшысы Ақылбек Күрішбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тоқтала кететін жайт, жиын барысында Жер өңдеу және фитосанитария департаментінің директоры Анна Буць ағымдағы жылы майлы дақылдар егісі 81 мың гектарға негізсіз қысқарып отырғанын айтып, оның ішінде күнбағыс секілді дақылдың егіс алқабы 43 мың гектарға дейін қысқаратынын атап өткен болатын. Өз кезегінде министр Ақылбек Күрішбаев, әкімдердің орынбасарларына ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер арасында тиімді әрі дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Министрдің айтуынша, тауар өндірушілер мемлекеттік қолдау жасалып отырған дақылдарды өндіруден көп нәрсе ұтатынын білуі шарт. «Майлы дақылдарға келетін болсақ, республика бойынша бұндай егіс алқаптары біздің сұранысымызды қамтамасыз ете алады, бірақ биыл көптеген облыстарда аталған дақылдарды егу алқабы негізсіз төмендеп отыр. Мәселен, Ақмола облысында 1,6 мың гектарға, Шығыс Қазақстанда 22 мың гектарға, Қостанай облысында ? 27 мың гектарға, Павлодар облысында 21 мың гектарға төмендетілмек. Әрине, Шығыс Қазақстан облысында егіс алқабы оңтайландырылады, сондықтан да ол өңірде майлы дақылдар алқабының азайтылуын түсінуге болады. Ал Қостанай облысында бұл дақылды өсірудің төмендетілуі түсініксіз. Жалпы, майлы дақылдар өнімі елімізде де шетелде де сұранысқа ие. Оның үстіне, бұндай дақылдарға мемлекеттік қолдау жасалып, гектарына 9 мың теңгеге дейін субсидия қарастырылған. Сондықтан да ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер арасында бұндай тиімді жұмыстар бойынша түсіндіру жұмыстары атқарылуы тиіс», деді А. Күрішбаев.